Өскемен қаласында энергетика саласындағы өндірістік міндеттерді шешуге арналған жыл сайынғы хакатон өтті. Өткізілген жылдар ішінде бұл байқау дарынды жастарды анықтау мен қолдаудың тұрақты алаңына айналып, Шығыс Қазақстан облысының қала және аудан мектептерінің командаларын біріктіріп келеді.
Байқауға 9–11 сынып оқушыларынан құралған 14 команда қатысты. Бағдарлама үш кезеңнен тұрды: ойын раунды (Kahoot), «Согринская ТЭЦ» ЖШС ұсынған өндірістік тапсырмаларды шешу және «Супер-приз» финалдық кезеңі – «ОЭСК» АҚ кейстері. Хакатон форматы оқушыларға тек білімдерін көрсетуге ғана емес, сонымен қатар нақты өндірістік кейстерді шешуде өздерін сынап көруге мүмкіндік берді.
Қазылар алқасының құрамына бизнес өкілдері, сала сарапшылары және білім беру қауымдастығының мүшелері кірді. Олардың қатарында ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан болды.
Оның айтуынша, мұндай бастамалар болашақ мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады.
> «Хакатон – бұл жай ғана байқау емес, бұл оқушыларға саланың нақты міндеттерімен танысуға, нарық талаптарын түсінуге және инженерлік әрі жобалық қызметте өздерін сынап көруге мүмкіндік. Әсіресе, мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде өтуі және техникалық мамандықтарға қызығушылықты қалыптастыруы маңызды», – деп атап өтті Әсет Әділхан.
Хакатонның ұйымдастырушылары дәстүрлі түрде бейінді білім беру ұйымдары мен өңірдің энергетика саласының өкілдері болды. Байқауды өткізуде бес жыл бойы тұрақты серіктес әрі демеуші болып келе жатқан «АЭС ӨскеменГЭС» ЖШС айтарлықтай рөл атқарып, ұйымдастырушылық және сараптамалық қолдау көрсетіп келеді.
Мұндай бастамаларды дамыту жалғасатыны атап өтілді. Жуырда, 29 сәуір күні, осыған ұқсас хакатон Өскемен жоғары политехникалық колледжінде өтеді. Бұл энергетика саласына одан да көп жастарды тартуға мүмкіндік береді.
Осындай іс-шаралардың өткізілуі өңірде адами капиталды дамытуға және энергетика саласы үшін кадрлық әлеуетті қалыптастыруға деген тұрақты қызығушылықты көрсетеді.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар:
1 орын – ШҚО Білім басқармасына қарасты «Математика, физика және информатика саласында дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейі» КММ командасы;
2 орын – Өскемен қаласының №49 жалпы білім беретін мектебі КММ командасы;
3 орын – Өскемен қаласының №46 орта мектебі КММ командасы;
супер-приз – Өскемен қаласының №12 мектеп-гимназиясы КММ командасы.
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.